Очерктің жанрлық өлшемі
.RU

Очерктің жанрлық өлшемі

Дата10.04.2017өлшемі134.35 Kb.
Очерктің жанрлық өлшемі

Очерк алдында тұрған мәселенің қиындығы мен жаңалығы оның формасының (пішінінің) әр алуандығын айқындайды. Көптеген жазушылар очерк үшін, кездесуден туған ойлар мен ассоциацияларға тікелей әсерде жазылған еркін форманы таңдайды. Алайда олар қызығушылық қатынасын айқын көрсете отырып, өз баядауын ішкі дара тақырыпқа, дара бейнеге бағындырады.

Кейде очерк жазушылар белгілі адамдармен кездесуін корреспонденция түрінде де жазады. Алайда олар баяндауға типтік уақытты таңдап алады. Жазушы адам өмірінің маңызды көріністерін, оның еңбекке, қоғамға деген қатынасын терең баяндауға ұмтылады. Мұндай жағдайда корреспонденция очеркке ұласады.

Басқа жағдайда өзінің белгілері мен элементтеріне қарай публицистикалық мақалаға немесе қысқа философиялық трактатқа ұқсас очерктік баяндау туады. Бірақ бұл жағдайда жазушының жеке ойы, оның кісілігі және ақиқат пен сол кезең адамының маңызды мәселелеріне көңіл аударуы заңды құбылыс. Автор өзінің жеке көзқарасына сүйене отырып, өмір құбылыстарына әлеуметтік-философиялық синтез жасауға ұмтылады.

Очеркистер өмірдегі жиі көріністерді диалог, пейзаж суреттеулерінде жандандыра отырып өз шығармасына, әңгімеге өте жақын баяндау формасын береді. Психологиялық проблематиканы мақсат тұтпай-ақ, олар адамдарға, факті мен оқиғаға дәлме-дәл, өткір публицистикалық баға береді. Сонымен қатар баяндауды өткір публицистикалық проблемаға бағындырады. Бұл әңгімені очерктен айырып тұратын бірден-бір ерекшелік болып табылады. Бір-біріне бірікпейтін, биографиялық повесть жанрына жақын баяндау формасын туғызуға мүмкіндік береді.

Документті очерктің мүмкіндігі, біздің әдебиетімізде шексіз. Очерктің бұл түрі жер жүзін тануға қызмет ете алар еді. Сондай-ақ өмірімізге, еңбек пен шығармашылыққа поэзия береді. Очерк өмірдің шындық әлемін философиялық ой формасында емес, бәріне таныс фактілер мен құбылыстарға сүйене отырып игереді.

1950-ші жылдары документті очерктің даму барысында, оның публицистикалық лирика, жеке тақырыппен молайғанын байқауға болады. Әдебиеттің алтын қорына енген белгілі шығармалардың авторлары да осы жолмен жазған. Атап айтсақ М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин т.б.

Бұл жазушылар өз очерктерінде публицистикалық толымдылықты сақтай отырып, адам бейнесін үлкен шеберлікпен жасайды және де оны өміріндегі маңызды жұмысымен байланыстырады. Халық өміріндегі ғылыми шығармашылық, үлкен зерттеу жұмыстарының пафосын көрсету десек, бұл ғылыми-көркем очерктің басты міндеті.

Бұл очерктердегі баяндау негізінде бір немесе бірнеше ғылыми мәселелердің қатарын түсіндіру де жиі көрініс табады. Ал жазушылар мұндай жарқын образдарда ғалымдардың ой лабораториясы мен адамдардың ғылым жолындағы туған қиындықтарын ашады. Міне, осы жағдайда баяндау ғылыми-көркем очеркке айналады.

Кеңестік очерк, алдыңғы қатарлы классикалық очерк дәстүрлерін жалғастыра отырып дамыған. Ғылыми-көркем очерктің мазмұнына күнделікті өмірдің ерекшелігін, психологиясын, әртүрлі халықтардың мәдениетін сыйғу шарт болған. Мұнда танымдық және бейнелеуші кезеңдерді (момент) кеңінен қамтып, бейбітшілік пен демократия идеясын да насихаттайды. Бұл біздегі барлық очерктің толық тізімі емес. Қазіргі әр алуан очерк формалары, ертеректегі әдебиетте мүлдем болмағандеуге болады.

Очеркке жанр есебінде кеңінен түсінік берген “Әдебиет терминдерінің қысқаша сөздігіндегі” Л.Тимофеев пен Н.Венгеровтың түсініктемесі болып саналады. “Очерк – әдебиеттегі эпикалық жанрға әңгімелеп, баяндап беретін түрге жатады. Сондықтан да ол (роман, повесть, әңгіме) маңызды және өзіне тән сипаттарды іріктеп алып жазушы шығармашылық ой-қиялы арқылы жалпы оқиғаны тұжырымдайды, яғни оқиғаның өмірде болу немесе болмауы да мүмкіндігі тұрғысында суреттейді”[1,102 ]. Очеркист өмірдегі фактілерді суреттеуде кез-келген суреттер сияқты өмірден оқиғаның ең маңыздысын іріктеп алады және адамдар әрекетіндегі өзіне ғана тән сипаттарды сұрыптайды, яғни, автордың ойын, оның өмірге қатысын айтып береді. Алайда, ол ой-қиялдың басты элементтерін өзгертуге, бұрмалап көрсетуге тиіс емес. Элементтерді ойдан шығаруға күштеу очеркті әңгімеге айналдырып жібереді де фактілер дәлдігі міндетті болмай қалады.

Орыс прозасында очерктік-әңгіме қосындысы ертеден бар. Оған мысал А.Тургеневтің “Хорь және Калиныч” немесе Ги де Мопассанның кез-келген новелласы бүгін новелла болып, ертең мазмұны мен формасы жағынан ешқандай өзгерістерге түспей-ақ кәдімгі очерк болуы мүмкін бе деген сұрақ заңды туындайды. Бұған әбден мүмкін деп жауап береміз.

С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит», С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», т.б. шығармалары өздерінің документальді негіздеріне қарай реальдық жоспар тұрғысынан өмірде шын болған оқиғаларды арқау еткендігі мәлім. Алайда, ешкім де неге бұл шығармаларды очерктер немесе очерктік роман не очерктік повесть демейді! Қазіргі әдеби терминдер сөздігіне бағынбайтын көптеген «болған», «ойдан шығарылмаған әңгімелер» (М.Әуезовтің 1920-шы жылдары жазған әңгімелері, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы, А.Бектің «Волоколам тас жолы» т.б. ) шығармалар әдебиетте бірі әңгіме, бірі повесть, бірі роман ретінде өз құқықтарын бекіткен. Қоршаған орта шындығымен байланысына қарай очерктерді екі типтік айырмашылыққа бөлген: документальді және көркем немесе беллетристендірілген очерктер. Очеркші-документалистер ойдан шығарудан қашқақтай отырып, шынайы типтік фактілерді сұрыптау жолымен типтік образдарды жасайды. Документальді очерктерге қатысты Л.Тимофеев, В.Сорокин, Г.Абрамовичтің берген анықтамаларын қабылдауға болады.

Көркем очерк (беллетристендірілген) деп кейіпкерлер есімдерін ойдан шығарған, ойдан шығарылған оқиғалы туындыларды атайды. Өзінің формасы жағынан көркем очерк документальді очерктен тым ерекшеленбейді. Көркем очерк жанрында Ғ.Мүсіреповтің Амангелді Иманов туралы очерктер циклы, Ә.Әбішевтің «Екі ананың әңгімесі», Ғ.Ормановтың «Алатау сынды ақсақал» очерктері бар.

Бұл очерктерде ең маңызды деген суреттеудегі құбылыстарда ғана нақтылық сақталады. Очеркист басқа компоненттерді таңдауда кез-келген басқа жанрлардағыдай ерікті де, еркін. Ол нақтылы адресті бермеуге ерікті, ойдан шығарылған персонаждарды әрекетке қоса алады, жорамалға және түйіндеуге жүгінеді.

Документальды дүниені ойдан шығарылған оқиғамен араластыру жазушыдан зор сақтықты, авторлық этиканың қатаң сақталуын талап етеді. «Көркем очерк» терминінің бүгінгі күні аты затына сай екендігін баса айту керек. Көркем суреткерлік дегенде әдетте шығарманың жоғары сапасы, идеясын айқындау, образдылық, мінездердің типтілігі, суреттеу құралдарының толыққанда көркемділігі ескеріледі. Документальді жанрдың үздік шеберлерінің практикалық шығармашылығы құжаттылық көркемдікке қарсы тұрмайтындығын ғалымдар сенімді түрде дәлелдеп берді. «Көркем очерк» терминін пайдалану үстінде біз оған шартты мазмұнды, ойдан шығарылған материалдар негізіндегі очерктерді жатқызамыз. Бұған «Беллетристендірілген очерк» термині дәлдеу келеді. Сондықтан мұндай очерктерді беллетристік очерк деп атау дұрысырақ болмақ.

Документальдылық-маңызды, алайда очерктің сипатын толық ашып бере алмайтындықтан жанр өлшемі қызметін атқара алмайды. Очерктегі фактілер мен ойдан шығарылған оқиғалардың арақатынасы емес, суреттеуге тиісті материалдар сипаты мен өмірді өзіндік типтендіру арқылы зерттеп, анықтама беру керек дегендер көзқарасы басым. (Е.Журбина, Б.Удодов, А.Коган, С.Максимов, В.Багданов т.б.).

М.Әуезовтің «Түркістан» солай туған», «Оңтүстік сапарынан», С.Шариповтың «Иран-Рузи», С.Мұқановтың «Арқаға саяхат», «Каспийге саяхат», Ғ.Мүсіреповтің «Кездесулер», «Біздің ұлы жазушымыз», Ғ.Мұстафиннің «Шыныдан туған қозы», «Жезқазған», Ғ.Слановтың «Қарқара жерінде», М.Иманжановтың «Шығыстың шолпаны» т.б. көптеген очерктері мазмұны әрі құрылымы жағынан (әлеуметтік) ғылыми зерттеуді еске салады. Очерк кәдімгі ғылыми еңбектен образды тіл, логикалық-беллетристік аргументті ой өрімдері, зерттеу тақырыбына жақын суреттеулерімен ерекшеленеді.

Очерктің жанрлық ерекшелігі, әңгіме тәрізді шығармашылық идеялық-көркемдік құрылым сипаттарымен тұжырымдалған. Проблемалар мен шындықты зерттеудегі көркемдік тәсілдеріне қарай очерк бірнеше жанрлық түрге бөлінеді. Олар: жол-сапар, портреттік, деректік, тұрмыстық, проблемалық, оқиғалы очерк т.б.

Очерктің тағы бір жанрлық өлшемі бар. Ол өте маңызды және күрделі. Очерктің өзіне тән жақын түрлерімен бірігу арқылы жаңа бір сипатқа ие болуы: очерк-мақала, очерк-әңгіме, новеллалық очерк, очерктік повесть және романға бөлінеді. Очерктің көпқырлы жанрлық ерекшелігі көркем әдебиетте басқа жанрларға қарағанда аса бай болып келуі заңды құбылыс.

Көркем очерк сонымен бірнеше жанрлық өлшемге ие болады. Оларды өздерінің жанрлық белгілеріне қарай атап өтсек былай бөлеміз:



  1. Архитектоникалық жағынан (кәдімгі очерк, очерк-мақала, очерк-әңгіме, очерк-повесть, роман).

  2. Әдеби - түрлі (обьективті - баяндамалы, публицистикалық, лирико - публицистикалық очерктер).

  3. Көтерген проблематикасына байланысты (проблемалық, портреттік, тұрмыстық, жол-сапар т.б).

  4. Әлеуметтік-тақырыптық жағынан (ауылдық, қалалық, этнографиялық, тарихи, энциклопедиялық).

  5. Көркемдік ойдан шығаруға қатысты (документальды және беллетристикалық немесе көркем очерктер).

Аталғандардың арасында жанрлық өзгешеліктер жоқ. Аталған бес түр біреуінен төртеуі өлшемдік жағынан айырмашылығы бар. Мәселен, очерк-әңгіме обьективті-баяндамалық немесе лирико-публицистикалық, проблемалық, портреттік, тұрмыстық немесе жол-сапар, ауылдық, өндірістік, әскери немесе тарихи, документальды немесе беллетристік болуы мүмкін.

Ал көп түрліліктің ішінде шекара айқын байқалады. Олар тым айқындалмағанымен өз қызметін атқарып тұрады, жанр рамкасын немесе жанр түрлілігін белгілейді. Бұл рамкадан шығып кету жанр трансформациясына, яғни жаңа түрдің тууына әкеледі.

Кез-келген очеркті қосымша анықтамалармен жабдықтау міндетті емес. Алайда, очерктің сапалық белгілерін білмеу жанрдың түпкі мәнінен толық түсінік алмау деген сөз.

М.Әуезовтің «Сөз алған - тау сағыз бен көк сағыз»[2,18-21] атты очерк-мақаласында тау сағыз бен көк сағызды өсірудің қиыншылығы, каучук алудың технологиясын кеңінен әңгімелейді. Оқырман очеркті оқу барсында каучукты алу, өндіру туралы мазмұнды хабар алады. Бұл очерк-мақалада тек осындай танымдық материалдармен ғана шектелмеген, сол сағыз түрлерін өсірудің қыр-сырын меңгерген кейіпкерлер Сариев пен Бабасов әрекет үстінде көрінеді және промхоз күшімен саяси және мәдени жұмыстар да жүргізіліп жатқандығы әңгіме болады. Бұл мақала-очеркті көркем очерктер қатарына жатқыза алмаймыз. Себебі, көркемдік қасиеттерден гөрі бұл шығармада публицистикалық сарын басымдау. Олай дейтініміз - тау сағыз бен көк сағызды өсіру, өндіру туралы кеңінен әңгіме болғанымен, адам жаны, психологиясы жоқ десе де болғандай.

Сонымен байқағанымыз очерк-мақала қоғамдық-саяси және халықшаруашылық, экономика проблемалары сөз болатын очерктің ең шағын түрлерінің бірі екен. С.Мұқановтың «Бүгінгі ауыл осындай»[3,17] очеркі де Алматы облысының колхоздарының 1960 жылдардағы өмірі, құрылыс, бау-бақша мен мал шаруашылығының жайын сөз етеді. Бұл ауыл адамдарының өмірі туралы жазылған проблемалық очерк-мақала.

Ал очерк-әңгімеде оқиға баяндау арқылы жүзеге асады. Очерк-әңгіменің жанрлық ерекшелігі алдымен очеркистің оқиғаны баяндау тәсіліне, композициялық, сюжеттік құрылысы, кейіпкерлердің характерін ашу кезінде көрінеді. Кез-келген очерк әңгімеде де кәдімгі көркем әңгімедегідей бас-аяғы жинақы, тиянақты оқиға туралы құрылады. Ы.Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл», С.Сейфуллиннің «Қыр балалары», «Екі кездесу», «Бандыны қуған Хамит», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», «Той», «Заман», М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Қасеннің құбылыстары», Ғ Мүсіреповтің «Батыр большевик Амангелді», «Батырдың биік тұлғасы», «Шұғыла», С.Шариповтың «Рузи Иран» т.б. шығармалары қазақ әдебиетінде бірде очерк, бірде әңгіме деп аталып жүр. Әдебиет теориясын зерттеуші ғалымдар бұл шығармалардың жанрлық ерекшеліктерін жіктегенде онда көркем әңгімеге де очеркке де тән қасиеттер мол екенін тілге тиек етеді. Бұл көркем шығармалар қазақ өмірінің тіршілігін қаз-қалпында бейнелейтін нағыз очерк нұсқалары екенінде дау жоқ. Бұлардағы сюжет желісі нағыз өмір шындығынан алынғанына кім кепіл деген сауал туындауы мүмкін. Мүмкін кейіпкерлердің аты-жөнін автор өзгерткен шығар, кей жерінде ойдан қосып, көркемдік бояуын қалыңдатқан да шығар. Мысалы Б.Майлин өзінің әңгімелерінде өмірде бар шындық оқиғаларды жазушылық талғаммен жинақтай отырып (обобщения) көркемдеп суреттеу арқылы нақты детальдар мен шрихтарды орынды, әрі үнемді пайдалана білген жазушы. Бейімбеттің әңгіме-очерктері туралы М. Әуезов былай дейді: «Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды болып шығады. Және бұл шығармалардың түр, үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын ағарылады»[4,385],- деп әділ бағасын береді. Бұл пікірден аңғарғанымыз, Бейімбет әңгімелері мейлінше қысқа, оқиғасы тартымды, көркем жазылған және қоғам өмірін қаз-қалпында шындық тұрғыдан бейнелеуі очерк жанрына тән қасиеттерді өз бойына сіңіре отырып, нақты фактілерге негіздеп жазуында.

Ы.Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесіне келер болсақ, көркем очеркке тән сипаттары мол, нақты өмір шындығынан алынған фактілер негізінде жазылған. Оған дәлел «Сейітқұл, құрметті Тілеу Сейдалин сұлтанның айтуы бойынша, 1830 жылдарда өтіпті-міс. Сол данышпан кісінің ақылымен егінді әдет еткен халық Қабырға суының бойында әлі көп»[5],- деп Сейтқұлдың тарихта болған адам екенін, оқиға желісі шындыққа құрылғанын жазушы ескере кетеді. Қыпшақ Сейітқұл Түркістан жағында қалмақтың жортуылына ұшырай бергендіктен Қабырға өзенінің жағасына келіп егіншілікпен айналысып, айналасындағы халықты да отырықшылық, егіншілік кәсіппен айналуды уағыздайды. Тарихта Сейітқұлдың ұрпақтары бүгінде Қабырға өзені бойында қоныс теуіп келеді екен.

С.Сейфулиннің «Жұбату», «Қыр балалары», «Екі кездесу», «Бандыны қуған Хамит» ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының өмірін, тіршілігін қаз-қалпында бейнелейтін нағыз көркем очерк нұсқалары екенінде дау жоқ. Сәкеннің «Жұбату» шығармасы 1917 жылы жазылған. Бұл қысқа очерк-әңгімесінде жазушы қазақ қыздарының басындағы ауыр халді Мүсілимажан деген кейіпкері арқылы азаматтық бас бостандық тақырыбын көтерген. Бұл очерк-әңгімеде өктемдіктің ауыр салмағымен қоса әлеуметтік сарын да сыр ашады. Очеркке тән шығарманың бір тұсы - автордың өз пікірін, белгілі мәселеге байланысты позициясын ашық білдіруі дер едік. «Мен білемін қаусаған шалдың құлдығында, күңдігінде жүріп сарғайған қазақ қызын, мен білемін наданның қаюан нәжісі үшін екі-үш қатынның бірі болып қыспақта жылап жүрген қазақ қызын»[6,6]. Мұнда баяндаушының «Мен» бейнесі айқын көрініп тұр. Мұнда автор өзінің тікелей оқиғаға қатысын білдіргендігі оқиға құру мен баяндау тәсілінен байқалады. Сәкеннің «Бандыны қуған Хамит» әңгімесі де алдымен адам, оның өмірі мен тағдырын көрсеткен өмірбаяндық очерк-әңгіме қатарына жатады.

Егер біз очеркті өмірдің шежіресі десек, ұлылы-кішілі істердің, жаңалық атаулының жаршысы да осы очерк болып келген. Ертеректегі очерк-әңгіме нұсқалары халық өміріне етене жақын, ел тану, жер тану құралы да болған. Соның бірі 1935 жылы жазылған Сабыр Шариповтың «Рузи-Иран» атты танымдық қасиеттерге толы шығармасы. Ол туралы академик Рымғали Нұрғали былай дейді: «Зерттеушілер бірде мұны әңгімелер, бірде очерктер жинағы дейді. Асылы, бұл очерктер жинағы деп аталғаны жөн секілді, өйткені, очерк жанрына тән зерттеушілік-этнографиялық мәлімет мұнда көп және әңгімеден гөрі очеркке лайық публицистикалық сарын кітаптың өн бойын алып жатыр»[7,102]. Бұл жазушының Иран елінде болып, өз көзімен көргендерін жазғаны аян. С.Шариповтың бұл шығармасында әңгімеге тән қасиеттерде жоқ емес. Жат жұрт тұрмыс-тіршілігін суреттегенде фактілерді, құбылыстарды типтендіруге жол берген. Очерк-әңгімеде Иран өмірінің екі қыры алынып, байлар мен саудагерлердің сән-салтанаты, екінші жағынан қарапайым халықтың қорлық бейнеті сабақтастырыла суреттеледі. Қарапайым адамдардың басынан өткен оқиғалар очерк-әңгіменің сюжет желісін құрайды. Балбектің жол әңгімелері – Иран болмысын әр қырынан көрсетуге оңтайлы әдіс және Иранның сол кезеңдегі әлеуметтік өмірін шыншылдықпен бейнелеген. Жазушы жоғарыдағы очерк-әңгімесіне Тегеран, Пехлеви қалаларында өзі жолығып, дәмдес, сырлас болған әр түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кездесуіндегі түйген ойларын ортаға салады. Олардың әрқайсысының басынан өткен оқиғалар очерк-әңгіменің сюжет желісіне қазық болады. Бұл шығармадағы кейіпкерлер де, сюжет те, композиция да шын өмір оқиғасынан құралып, яғни очерк сюжеті өмір мектебінен алынған.

М.Әуезовтің 1930 жылдары жазған шығармалары көбіне очерктік сарыны басым, құрылысы жағынан бойына көркем әңгіменің де очерктің де элементтерін сіңірген, өмір оқиғаларын табиғи байланыспен реалды түрде суреттеуді мақсат еткен туындылар. Сол шығармалардың ішіндегі шоқтығы биігі «Қасеннің құбылыстары» туралы заңғар жазушы өзі «психологиялық очерк» деп анықтама береді. Очерк-әңгіменің басты кейіпкері Қасеннің кезінде ояз бастығы болып жылы-жұмсаққа үйреніп, кейіннен басқа заман туғанда жүдеп-жадап өткен өмірін, бұрынғыны көксеуін жазушы шебер суреттейді. Қарақан басының қамын ойлаған Қасеннің мінезі іс-әрекет үстінде ашыла отырып, сыртқы әлемге неге ашу-ызамен қарайтынын, жаңа өмір салтынан титықтағанын, түбінде қылмысты болып, тергеуге алынғаны нанымды баяндалады. Автор кейіпкер психологиясын ашуда оқушыны ескілік қалдықтарымен күресуге шақырады. Ілгері басқан жаңа өмірдің жаршысы болып, жазушы халықты азаматтық кемелденуге уағыздайды. «Қасеннің құбылыстары» өмір құбылыстарын нанымды, қаз-қалпында суреттеуімен, терең толғанысқа меңзейтін очерктің де, әңгіменің де жүгін тең көтеретін шығармаларының бірі.

Очерк пен әңгіменің өзіне тән ерекшеліктері мен сыр-сипаты бір-біріне ұқсас. Очерк теориясын зерттеуші ғалымдар: «Очеркте нағыз өмір шындығы, қоғамда бар реалды адамдар алынып, оқиғаның болған жері, уақыты, кеіпкер есімі дәлме-дәл көрсетіледі»[8,47],- дейді. Біздің ойымызша барлық очеркті осы шеңбер ішіне сыйғызу мүмкін емес. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің Амангелді туралы очерктер циклын алсақ, жазушы сол оқиғалардың басы-қасында болып, қай күні, қай жерде болғанына куә болып барып жазуды міндет етпегенін көреміз. Очерк-әңгімеде де ойдан алынған оқиғалар, характерлер, кейіпкер қақтығыстары типтік түрде сараланып, автор идеясы бірде өз атынан, бірде кейіпкер атынан баяндалуы мүмкін.

Очерк замана шежіресі десек, әңгімеге де күнделікті өмірден орын алған оқиғалар арқау болады. Очерк пен әңгіменің бір-біріне ұқсас тұстары баршылық. Біріншіден, баяндаушы бейнесі айқын көрінуі, екіншіден, өмірден алынған шын оқиғалар сюжетке арқау болады, үшіншіден, әңгімедегі сияқты очеркте де оқиға бірте-бірте дамиды, төртіншіден, очерктің де әңгіменің де соңы тиянақты аяқталады.

Очерктік шығарманың көлемі шексіз. Ал әңгіме, повесть, романдарды біз көбіне көлеміне және қамтыған дәуіріне байланысты ажыратып жатамыз. 1931 жылы Н. Тихонов: « Очерк – жүз есе кішірейтілген роман» [9,86],- деп жазған болатын. Бұл түйіннен ұққанымыз очерк әр уақытта да жазушының бірінші басқышы, шағын нәрсені шебер жазып үйренген қаламгер ғана кемеңгер шығармалар туғыза алатыны күмәнсіз. Осы мәселе төңірігіндегі Ғ.Мүсіреповтің мына пікіріне иланбауға болмайды: «Көркем очерк алдағы күнде туар үлкен еңбектердің барлаушысы. Бұл – әрбір үлкен жаңалықтарға тез жаңғырығып отыратын, жазушының белсенділігін арттыратын сала»[12,324]. Ғ.Мүсіреповтің атақты «Қазақ солдаты» романы алғашқы кезде шағын көлемді ғана очерк формасында өмірге келген. Алғашқы жарияланымын «Социалистік Қазақстан» газетіне басқан автор оны «Қазақ батыры» деп атаған. Ұлы Отан соғысында өзінің ерлігімен көрінген өрімдей қазақ жігітімен майданнан оралған бетте жолығып, қысқа очерк желісіне айналдырған жазушы бұл тақырыпты кеңейте отырып повесть, кейіннен романға айналдырғаны әдебиет тарихынан белгілі.

Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» нақтылы тарихи фактілерге сүйенген мемуарлық шығарма. Бұл романның идеялық, көркемдік қасиеттерін ашу барсында көзіміз жеткені очерктік белгілердің көптеп кездесуі. Алдымен жазушы осы оқиғалар негізінде әңгіме, очерк, публицистикалық шағын шығармалар жазып, кейіннен мемуарлық роман жанрын туғызған. Бұл шығарманы жай роман десек қателесетін сияқтымыз. «Тар жол, тайғақ кешуді» очерктік-роман деуіміз оның идеялық-көркемдік құрылымында очеркке жақын сапалардың мол болуынан деп түсіндіреміз. Сонымен қоса романда публицистикалық-зерттеушілік бастаулар мол екенін де есепке алған жөн секілді. Очерктік повесть пен романдарды тек документальдылығы басым болған жағдайда және бұл тұста публицистикалық сарын да очерктік қасиеттерді толық дарытпайды.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Тимофеев Л., Венгеров Н.. Әдебиеттану терминдерінің қысқаша сөздігі. М.: Советский писатель, 1968.



  1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Сегізінші том. Алматы., Жазушы, 1981.

3. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. Он үшінші том. Алматы., Жазушы, 1978.

4. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. Алматы., Жазушы, 1959.

5. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар. Алматы., Мектеп, 1985.

6. Сейфуллин С. Әңгімелер мен повестер. ҚМКӘБ. Алматы., 1958.

7. Нұрғалиев Р. Өнер алды-қызыл тіл. Алматы.: Мектеп, 1974.

8. Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. Алматы., Мектеп, 1984.



9. Наши достижния», 1933, №1.

Достарыңызбен бөлісу:

oformlenie-o-krilovoj-valle-zh-v15-hroniki-poyavleniya-inoplanetyanper-s-fr-i-dalnova-stranica-16.html
oformlenie-otcheta-po-preddiplomnoj-praktike-uchebno-metodicheskij-kompleks-kazan-2009-udk-bbk-a-rekomendovano-k.html
oformlenie-poyasnitelnih-zapisok.html
oformlenie-psihologii-kak-eksperimentalnoj-nauki-osnovi-obshej-psihologii.html
oformlenie-referata-uchebno-metodicheskij-kompleks-udk-bbk-a-rekomendovano-k-izdaniyu-uchebno-metodicheskim-sovetom.html
oformlenie-rezultatov-proektirovaniya-kursovoj-proekt.html
  • pisat.bystrickaya.ru/stati-po-master-klassam-vserossijskaya-nauchno-prakticheskaya-konferenciya-strategiya-gimnazicheskogo-obrazovaniya.html
  • kolledzh.bystrickaya.ru/5v030100-itanu-mamandii-studentter-shn-r-halarali-barali-ii.html
  • writing.bystrickaya.ru/individualno-prisposobitelnaya-deyatelnost-zhivotnih-associativnoe-obuchenie-kognitivnie-processi-chast-10.html
  • lesson.bystrickaya.ru/sposobi-obespecheniya-vozvrata-kredita-2.html
  • ucheba.bystrickaya.ru/prikaz-936-ot-20-iyulya-2009-g-opredstavlenii-statisticheskogo-otcheta-o-dispanserizacii-lic-nahodivshihsya-v-zone-avarii-na-chernobilskoj-aes-19-prikaz-stranica-7.html
  • education.bystrickaya.ru/2-etap-proniknoveniya-psihoanaliza-v-psihosomatiku-lekciya-1-12-02-08-4.html
  • laboratornaya.bystrickaya.ru/programmnoe-obespechenie-obrazovatelnogo-processa-gou-centra-razvitiya-tvorchestva-detej-i-yunoshestva-lefortovo.html
  • desk.bystrickaya.ru/pismo-o-romane-idei-razgovor-o-poezii-ocr-a-d.html
  • control.bystrickaya.ru/byulleten-novih-postuplenij-v-nb-sogu-za-01-01-05-05-2011-g.html
  • turn.bystrickaya.ru/plan-meropriyatij-po-nadzoru-na-obektah-nadzora-na-2009-g-p-p-stranica-4.html
  • occupation.bystrickaya.ru/obzor-smi-za-27-oktyabrya-2009g-vistavka-atomnij-proekt-sssr-otkrilas-27-oktyabrya-v-tomske.html
  • literature.bystrickaya.ru/centr-issledovanij-politicheskoj-kulturi-rossii.html
  • obrazovanie.bystrickaya.ru/programa-za-opazvane-na-okolnata-sreda-na-obshina-stara-zagora-obshinska-programa-za-opazvane-na-okolnata-sreda-na-obshina-stara-zagora.html
  • thescience.bystrickaya.ru/ixsocialnoe-gosudarstvenno-chastnoe-partnerstvo-publichnij-doklad.html
  • institut.bystrickaya.ru/svernu-na-vinogradnuyu-gazeta-19052009-novosti-8.html
  • znanie.bystrickaya.ru/a-n-yamskov-geograficheskaya-sostavlyayushaya-speckursa-ekologicheskaya-antropologiya.html
  • lesson.bystrickaya.ru/pereklad-susplno-poltichnih-realj-na-osnov-perekladu-statej-z-gazeti-nyu-jork-tajms.html
  • lesson.bystrickaya.ru/obosnovanie-sredstv-mehanizacii-vozdelivaniya-kormovoj-svekli-v-spk-orlovskij-s-razrabotkoj-zubovogo-rihlitelya.html
  • report.bystrickaya.ru/ispolzovanie-kompyuternih-tehnologij-na-urokah-istorii-i-obshestvoznaniya.html
  • occupation.bystrickaya.ru/neskolko-etapov-vedeniya-besedi-issledovanie-pamyati-42.html
  • pisat.bystrickaya.ru/uchast-nacionalnogo-bitiya-v-processe-globalizacii-vliyanie-processov-globalizacii-na-bitie-cheloveka.html
  • esse.bystrickaya.ru/rabochaya-programma-po-discipline-sd-07-istoriya-kostyuma-i-modi-dlya-specialnosti-260902-65-konstruirovanie-shvejnih-izdelij.html
  • shpargalka.bystrickaya.ru/vneklassnoe-meropriyatie-dlya-uchashihsya-1-4-klassov-moj-kraj-moyo-selo.html
  • zanyatie.bystrickaya.ru/sud-istorii.html
  • textbook.bystrickaya.ru/isdn-for-small-business-essay-research-paper.html
  • pisat.bystrickaya.ru/sushnost-i-celi-studencheskih-rabot.html
  • shpargalka.bystrickaya.ru/ue-32-obsherazvivayushie-uprazhneniya-s-predmetami-uchebno-metodicheskij-kompleks-osnovnoj-obrazovatelnoj-programmi.html
  • books.bystrickaya.ru/danilov-a-a-stanovlenie-i-razvitie-televideniya-v-regionah-rossii-vo-vtoroj-polovine-xx-nachale-xxi-vv-na-materialah.html
  • nauka.bystrickaya.ru/v-magadanskoj-oblasti-prodolzhitsya-stroitelstvo-novih-sportivnih-sooruzhenij-i-razvitie-massovogo-sporta.html
  • write.bystrickaya.ru/filologicheskie-nauki-voprosi-teorii-i-praktiki-recenziruemij-nauchnij-zhurnal.html
  • studies.bystrickaya.ru/atlas-sverdlovskoj-oblasti-ucheb-posobie-pod-red-v-g-kapustina-i-n-korneva-ekaterinburg-sokrat-2005-32s-kart-ab-f146-stranica-5.html
  • institut.bystrickaya.ru/tablica-7-metodicheskie-ukazaniya-dlya-studentov-specialnosti-zootehniya-petrozavodsk.html
  • composition.bystrickaya.ru/organizacionnij-komitet-konferencii-predsedatel.html
  • shkola.bystrickaya.ru/p76-primenenie-ikt-v-visshem-obrazovanii-stran-sng-i-baltii-tekushee-sostoyanie-problemi-i-perspektivi-razvitiya-stranica-11.html
  • urok.bystrickaya.ru/programma-po-discipline-etika-kommunikacij-i-delovoj-etiket-dlya-specialnosti-sociologiya-fakulteta-sociologii-i-filosofii-ochnoj-formi-obucheniya.html
  • © bystrickaya.ru
    Мобильный рефератник - для мобильных людей.